ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ
БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ
Тәуелсіз жылдары еліміздің білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер пайда болды. Елеулі нормативті және құқықтық актілер қабылданып,жүзеге асырылды. Халыққа білім беру «Қазақстан- 2030 » стратегиялық бағдарламасына сәйкес және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында нақтыланған тапсырмалар аясында жүргізілуде. «Мектептің жүрегі - мұғалім»деп Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, ұрпаққа білім мен тәрбие беру жұмысында мұғалімнің беделі мен мәртебесі тұңғыш рет «Қазақстан Республикасындағы Білім туралы» Заңнан көрініс тапты. Білім беруді дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған, 2007-2011 жылдарға жоспарланған «Қазақстан балалары» және техникалық, кәсіптік білім беру жөніндегі 2008-2012 жылдарға негізделген мемлекеттік бағдарламалары жасалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «оңтайландыру» саясатына сәйкес, қысқартулардың етек алуына байланысты оқу орындары мен балабақшаларды мүмкіндігінше сақтап қалу үшін жұмыс жасалды. 2001 жылы Шәкен елді мекенінде орта және Майлыбас бекетіндегі бастауыш мектеп үйлері жаңадан салынды. Жабылып қалған Ойынды бекетіндегі бастауыш мектеп қайта ашылды. Аудандық білім бөлімі оқушылардың Шағала демалыс лагерін өз балансына алды.
Оқушылардың білім сапасын арттыру шаралары аудан мектептеріндегі оқу- тәрбие процесінің басты бағыты болды. Мектептерде осы мақсатта кешенді іс-шаралар жасалды. 2002 оқу жылының қаңтар айынан бастап мектептерде мектеп бітірушілердің қай оқу орнына, қандай пәннен емтихан тапсыратынын анықтау мақсатында ата-аналар жиналысы өткізілуде.Бұл жұмыс «Жастарға үміт, болашаққа сенім» атты аудандық конференцияда қорытындыланады.
1998 жылғы мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес 33 мектепте информатика және есептегіш техника негіздері пәні 7- сыныптан бастап аптасына екі сағаттан оқытылады.
2005-2006 оқу жылында балабақшаларға 895 бала, оның ішінде 735-і мектеп алды даярлық тобына барды. 225 бала елді мекендердегі жаңадан ашылған балабақшаларға, 704 бала мектеп жанындағы мектеп алды даярлық тобына қамтылды.
2005 жылдың желтоқсан айында өткен оқушылардың облыстық ғылыми жобалар жарысына ауданның 13 мектебінен 20 оқушы қатысты. Ғылыми жобаларды қорғау қорытындысында 19 оқушы жүлдегер атанып, 7 оқушының жұмысы республикалық жарыстың іріктеу турына жіберілді.
Оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен облыстық олимпиадасына ауданның 11 мектебінен 24 оқушы қатысты.Қорытындысында
6 оқушы жүлдегер атанып, 1 оқушы І орын, 2 оқушы ІІ орын, 3 оқушы ІІІ орын иеленді.
Осы жылдары оқушыларға 1844 мұғалім дәріс берді.Ауданда 43 компьтер сыныбы болды. 31 мектеп интернет жүйесіне қосылды. 2005 жылы мектептерге 50тақта, 700 парта, 6 мультимедия кабинеті, 108 компьтер алынды. Қашықтықтан оқыту спутниктік арнасына 2 мектеп қосылды. № 226 гимназияға физика, биология, химия кабинеттері үшін зертханалық құрал- жабдықтар алынды.
2005-2006 оқу жылында 2 сыныптан бастап ағылшын тілін тереңдетңп оқыту
9 мектепте жүргізілді.Тереңдетілген бағдарламамен біліктілігі жоғары 17 мұғалім дәріс берді.
2006-2007 оқу жылында 7 оқушы мектепті орта білім туралы үздік аттестатпен бітірсе, 14 оқушы «Алтын белгі» иегерлері атанды. Аудандағы 39 мектептегі 42 ақпараттандыру кабинеттерінде информатика және басқа да пәндерден жаңа ақпараттық технологиялар бойынша сабақтар жүргізілді. 35 мектеп телефондандырылып, интернет жүйесіне қосылды. Шалғай елді мекендердегі №225, 78,134,249 мектептер жаңа спутниктік байланыс арқылы интернетке қосылды.
Аудан бойынша 2007 жылы облыстық кәсіби байқауларға 35 мұғалім қатысып, оның 23-і жүлделі І,ІІ,ІІІ орындарды иеленді. Оның ішінде Республикалық «Білім ұясы - 2007» байқауында №226 гимназияның мұғалімі Хадиша Орынбасарова республикалық ең үздік « Жыл сынып жетекшісі - 2007» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
2007-2008 оқу жылын аудандағы 32 орта, 3 негізгі, 4 бастауыш мектепті 15886 оқушы аяқтады. Олардың 855-і 11 сынып бітіріп, орта білім туралы аттестат алса, 1527 оқушы 9 сыныпты аяқтап, негізгі білім туралы куәлік иегерлері атанды.ҰБТ-ге ауданның 32 орта мектебін бітірген 855 түлектің 690-ы яғни, 80,7 пайызы қатысты. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен № 226 гимназия облыстағы 7 мектептің, республикадағы үздік 100 мектептің қатарына енді. Осы облыстық пән олимпиадасына 34 оқушы қатысып, 15 оқушы жүлдегер атанды.Соңғы үш жылда №226 гимназия оқушылары тұрақты түрде облыстық олимпиадада жүлдегерлер атанса, № 170, 216 мектептер соңғы екі жыл бойы, № 70, 249 мектептер өткен оқу жылында, №16 мектеп 2006 жылы олимпиада жүлдегерін дайындады.
Ғылым әлеміне бет бұрып, республикалық, облыстық ғылыми – практикалық «Дарын» орталығымен байланыса отырып жүргізілетін оқушылардың дәстүрлі облыстық ғылыми жобалар жарысына ауданның 15 мектебінен 33 білім алушы қатысты. Жарыс қорытындысымен жүлделі орын алған және бейіндік пәннен 60-тан жоғары балл жинаған 9 оқушының жұмыстары республикалық жарыстың іріктеу кезеңіне жолдама алды. Нәтижесінде №266 гимназияның 11 сынып оқушысы Нармағамбетов Бауыржан жүлделі І орын алып,ҚР Білім және Ғылым министрінің грамотасымен марапатталып, Астана қаласында өткен «Дарын» орталығының 10 жылдық мерейтойына қатысу құрметіне ие болды.
2007-2008 оқу жылында 92 оқушы тарих пәнінен өткен «Золотое руно», 43 оқушы халықаралық «Кенгуру – математика», 17 оқушы «Кенгуру - Лингвист» конкурстарының жеңімпазы, ал 131 оқушы республикалық «Ақбота» марафонының жеңімпазы атанды.
Ғылымға қызығушылық танытқан жас шәкірттерді түрлі ғылыми- тәжірибелік конференцияларға қатыстыру дәстүрге айналды. Павлодар қаласында өткізілген ҮІІІ «Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференцияға 22 оқушы қатысып, жүлделі І орынды 11оқушы иемденді. Семей, Қарағанды және Ақтөбе қаларында өткен Кіші Ғылым Академиясының 34-ші республикалық ғылыми-практикалық конференциясына №94,92,226,70 мектептерден және Оқушылар үйінен 12 оқушы қатысып, жүлделі І,ІІ,ІІІ орындарды иеленді.Павлодар қаласында өткізілген «Интеграция образования и науке- шаг в будущее» атты КҒА-ның ХХХҮІІІ республикалық конференциясына №70 мектептен 4 оқушы қатысып, жүлделі орындарды иемденді.
Болашақ ел тізгінін ұстар, дені сау, білімді де саналы жас ұрпақ халқымыздың құдіретті сөз өнерінен тәлім алып өседі. Осыған орай, В.М. Счаснов атындағы №249 мектептің оқушысы Мария Куликова облыстық «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты байқауда Іорынды иеленіп, республикалық байқаудың дипломанты атанды.
Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына байланысты өткен «Астана- сырлы қала, нұрлы қала» тақырыбында өткен облыстық шығармалар байқауында №70 мектептің 10 сынып оқушысы Ақжүніс Сейталиева І орынды иеленді.
ІІІ Республикалық «Дарынды оқушы- талантты ұстазға» атты Астана қаласында өткен педагогикалық олимпиадаға тұңғыш рет қатысқан № 226 гимназия командасы жүлделі І орын иеленіп, аудан абыройын асқақтатты.
«Асыл қазыналарымызды сақтаймыз және көбейтеміз» атты республикалық сурет көрмесінде № 226, 92 мектептің оқушылары жүлделі ІІ, ІІІ орындар иемденді.
2009 жылы № 226 гимназияның 11 сынып оқушысы Ұлжан Маратқызы «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының жеңімпазы атанып Қазақ – Британ Университетінің грантына ие болды.
Оқушының білімінің сапалы болуы- мұғалімдердің теориялық білімі мен кәсіби біліктілігіне, шығармашылық ізденісіне байланысты. 2007-2008 оқу жылында аудан мектептерінде 2056 мұғалім шәкірттерге ғылым негіздерінен сабақ берді, олардың 1676-сы жоғары білімді, 257-сі арнаулы орта білімді, 96 мұғалім жоғары санатты, 242 мұғалім І санатты мамандар.
1995 жылы сәуір айында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті аудандық әдістемелік орталық етіп ашылып, әрбір әдіскер орталық құрамындағы бір-бір кабинеттің меңгерушісі болып тағайындалды. 1997 жылдан аудандық білім бөлімінің әдістемелік орталығына тәжірибелі маман Бағдат Орымбас жетекшілік етті. 2008 жылы аудандық әдістемелік кабинет Республикалық «Үздік әдістемелік кабинет - 2008» байқауында жүлделі І орынға ие болды. Әдістемелік кабинетте түрлі пәндер бойынша білікті де, тәжірибелі ұстаз- әдіскерлер: Қадыр Қалниязов, Катира Тайпақова, Бектас Бектов, Қуантқан Қожалепесов, Жанар Сәрсенбаевалар қызмет атқаруда.
Бағдарлы оқыту мен 12 жылдық білім жүйесіне көшуге орай аудан мұғалімдерінің 883-і білім сапасынан өтті. Оның ішінде 23 мектеп директоры, 45 оқу ісі меңгерушілері, 15 тәрбие ісінің меңгерушілері, 12 директордың бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасарлары, 28 психолог,13 қосымша білім беру педагогтары бар.
Білім беру реформасын жүзеге асыруда, оқыту мен тәрбиелеудің озық тәжірибелерін өмірге енгізуде кеңестік кезеңде мектеп инспекторлары маңызды қызмет атқарды. Олар білім бөлімінің бас маманы Гүлзипа Нақанова және мамандар Мұратбай Әбубәкіров, Ғабит Сағидуллаев, Ерлан Утепбергенов, Ғалымжан Піркауовтар осы істі лайықты атқарды.
2008 жылы Ү.Түктібаев, Жалаңтөс, Басықара елді мекендерінде 2 топтан 50 орындық 3 балабақша ашылды. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамту мақсатында Бекарыстан би, Ақтан батыр, Қ.Пірімов, Майдакөл, Сарыбұлақ ауылдарындағы бос тұрған ғимараттарды ыңғайластыру арқылы балабақшалар ашу, балабақшалардың топ санын көбейту мақсатында Жанқожа, Қожабақы елді мекендеріндегі балабақшаларға топтар қосу, оқу процесінде қолданылмайтын сыныптық орындары бар №234, 165, 190, 92,95 мектептер жанынан шағын орталықтар ашу межеленуде.
Мектеп өміріне жаңа ақпараттық технологияны енгізу, мұғалімдердің, оқушылардың ақпараттық технологияны еркін меңгеру дағдысын қалыптастыру мақсатында, аудан мектептерінің компьтер сыныптарында 535 компьютер болды. Аудандағы барлық 32 орта мектеп интерактивті тақтамен, 17 мектеп мультимедия кабинетімен, 5 мектеп физика, 2 мектеп химия- биология кабинеттерінің зертханаларымен жабдықталған. Интерактивті тақтаны пайдаланып, ел Президентімен, облыс әкімімен өткізілгенсабақты жалғастырып, аудан әкіммен Web Cameraмен интерактивті тақтада тікелей байланыс жасау арқылы интернет- конференция өткізілді. Барлық пән мұғалімдерінің «Интерактивті тақтаны қолдану мүмкіндігі», «Мультимедиа кабинетінің тиімділігі» тақырыптарында семинарлар ұйымдастырылды.Аудандық деңгейде 10 мектепте «Асtivbard интерактивті тақтаның, ActivStudio кәсіби пайдаланушыны бағдарламалық қамтамасыз ету» оқыту семинары өткізілді. Ауданда 34 мектеп интернет жүйесіне қосылып, электронды пошталары ашылған, №91,70, 226, 165, 225, 216, 96, 95, 78, 24, 25 мектептердің Web сайттары жасалып, интернетке тіркелді.
Халық ағарту бөлімін басқарғандар
1. Ауданның әр жылдардағы білім бөлімі басшылары туралы :
- Толыбеков Серғали - 1907 жылы туылған
- Кудасов Ермекбай – 1910 жылы туылған, қызмет атқарған жылдары: 1936-1939жж.
- Ұлманов Әбдінәби - 1917 жылы туылған ,қызмет атқарған жылдары: ақпан 1948ж -наурыз1951ж.
- Бәймішев Берді – 1914 жылы туылған, қызмет атқарған жылдары: 1951-1962 жж
- Айбосынов Әбжәли - 1925 жылы туылған, қызмет атқарған жылдары: 1962-1980жж
- Бекішев Досмайыл- 1930 жылы туылған, қызмет атқарған жылдары: 1980-1986жж
- Қожахметов Мұнарбай - 1941 жылы Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы ( бұрынғы Қазақстанның 30 жылдығы) ауылда туылған. 1962 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті. Еңбек жолын туған ауылындағы №91 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болудан бастаған. Ұзамай ол осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылып, 1967 - 1972 жылдары ҚКП аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1972 - 1975 жылдары ХХІІ партия съезі атындағы кеңшарда партком хатшысы қызметтерін атқарды. 1975 - 1978 жылдары Қазалы қаласындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінің, 1978 - 1981 жылдары Жаңақазалы қыстағындағы №216 орта мектебі диркторы қызметтерінде болды. 1981 - 1986 жылдары аудандық партия комитетінің жалпы бөлім бастығы қызметін атқарып, 1986 - 1991 жылдары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, 1991 - 1995 жылдары аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің, 1995 жылдан 2005 жылдың маусым айына дейін аудандық білім беру және спорт бөлімінің меңгерушісі болып ұзақ жылдар қызмет етті. Оның көп жылғы адал қызметі партия, үкімет тарапынан уақытылы бағаланып келді. Ол 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдығы, 1971 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, 1991 жылы халық депуттары облыстық Советі атқару комитетінің Грамотасымен, 1991, 1998 жылдары ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1996 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» және 2004 жылы «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағымен марапатталды. Қожахметов Мұнарбай екі мәрте республикалық білім қызметкерлері мен мұғалімдердің съездеріне делегат болып қатысты. Қазақстанның тәуелсіздігінің 10 жылдығына Елбасының Алғыс хатын алды. Бес бала тәрбиелеп өсірген, немерелері бар. 2009 жылы 5 қантарда ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.
- Алтынбаев Шарафадин - 1950 жылы Арал ауданы, Ұялы ауылдық кеңесіндегі Аранқорған елді мекенінде туылған. 1971 жылы Қызылорда Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы- математика. 1971 - 1982 жылдары Қазалы ауданы Абай ауылындағы №90, Лахалы ауылындағы №93, Өркендеу ауылындағы №104 мектептерде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1982 - 1989 жылдары Түктібаев ауылындағы №88 мектеп, Жаңақазалы қыстағындағы №234 мектеп директоры, 1989 - 1991 жылдары Түктібаев кеңшар партия ұйымының хатшысы, 1991 - 1995 жылдары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірген. Тоғыз немерелі. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл » төс белгілерінің, ҚР Президентінің Алғыс хаты. ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Қазіргі таңда зейнет демалысында.
- Бердібекұлы Сейілхан - 1963 жылы Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы ауылда туылған. Еңбек жолын 1980 жылы Қазалы станциясының локомотив депосында тепловоз жүргізушісінің көмекшісі болудан бастаған. 1986 жылы Алматыдағы шетел тілдері педагогикалық институтының француз - неміс тілдері факультетін бітірген. Мамандығы – француз тілі. 1986 - 1988 жылдары Жаңақазалы қыстағындағы №234 мектепте француз тілі мұғалімі, 1988 - 1992 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, 1992 - 1995 жылдары №170 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1995 - 1998 жылдары №216 мектеп директоры, 1998 - 1999 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1999 - 2002 жылдары №165 мектеп директоры, 2002 - 2005 жылдары №249 мектеп директоры, 2005 - 2007 жылдары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Отбасылы. Бес бала тәрбиелеп, өсірген. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегері. Қазіргі таңда Жалантөс батыр ауылындағы №103 мектеп директоры.
- Аралбаев Марат Жайылханұлы - 1971 жылы Қазалы ауданындағы Жаңа-Қазалы поселкесінде туылған. Еңбек жолын 1988 жылы Жаңа-Қазалы поселкесіндегі №216 орта мектепте аға пионервожатый болудан бастаған. 1989 - 1990 жылдыры №226 мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1990 - 1994 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің студенті. 1994 жылы осы университетінің тарих және қоғам тану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша диплом алған. 1994 - 1997 жылдары Қызылорда қаласындағы №10 мектепте және №1 мектеп - гимназияда тарих пәнінің мұғалімі, 1997 - 1998 жылдары Қазалы аудандық «Балбөбек» өндірістік кооперативіне дайындаушы, 1998 - 2000 жылдары Қазалы ауданындағы №70 мектепте тарих пәнінің мұғалімі, 2000 – 2001 жылдары аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы, 2001 - 2005 жылдары - аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, 2005 - 2007 жылдары аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары, 2007 жылы наурыз айынан 2007 жылы қараша айына дейін аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарып келді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласына қоныс аударған.
- Жолтаев Болат Әбенұлы - 1961 жылы Қазалы ауданы Майлыбас ауылдық кеңесінде туылған. 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы- тарих және қоғам тану пәндерінің оқытушысы. Еңбек жолын 1978 жылы Қазалы ауданындағы №190 мектепте мұғалім болып бастаған. 1983 - 1992 жылдары №421 мектепте мұғалім, №234 мектеп директорының орынбасары, №5 кәсіптік – техникалық мектепте тарих пәнінің оқытушысы, №204 мектеп директорының орынбасары, 1992 - 1993 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, 1993 - 1994 жылдары №204 мектепте тарих пәнінің оқытушысы, 1994 - 1997 жылдары №5 кәсіптік –техникалық мектепте тарих пәнінің оқытушысы, 1998 - 1999 жылдары аудандық оқушылар үйі директорының орынбасары, №98 мектеп директоры, 1999 - 2002 жылдары білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, 2002 - 2007 жылдары №5 кәсіптік мектептің директоры, 2007 - 2010 жылдары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Отбасылы, төрт бала тәрбиелеп, өсірген. 2005 жылы «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектеп директоры.
- Нақан Күлзипа Пержанқызы - 1960 жылы Қазалы ауданы, Амангелды ауылында туылған. 1981 жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының математика факультетін бітірген. Сол жылдан бастап Түктібаев ауылындағы №88 мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. 1990 - 1993 жылдары №88 орта мектепте бастауыш кластары жөніндегі оқу ісінің меңгерушісі, 1993 - 2000 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, мектеп инспекторы, 2000 - 2010 жылдары білім бөлімінің бас маманы, 01.2010 - 08. 2012 жылдары аралығында білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Тұрмыста емес. 1986 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1997 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицей директоры.
- Қалнияз Ерболат Бекаралұлы - 1974 жылы Қазалы ауданы Жаңа-Қазалы поселкесінде туылған. Білімі жоғары, 1996 жылы Қорқыт Ата атындағы университетінің физика және информатика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Әйтеке би кентіндегі №226 орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2001 - 2005 жылдары Түктібаев ауылындағы №88 мектеп директоры, 2005 - 2006 жылдары аудандық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2006 - 2012 жылдары Түктібаев ауылындағы №88 мектеп директоры, 08.2012 - 08.2015 жылдары аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Отбасылы. Үш қыз тәрбиелеп, өсірді.
«ҚР Білім беру ісінің үздігі», 2015 жылы Ы.Алтынсарин атындағы медалімен марапатталды.
- Қасымова Ақзира Бақтыбайқызы - 1979 жылы Қармақшы ауданы Жаңақала ауылында туылған. Білімі жоғары, 2000 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика қосымша математика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы Қызылорда қаласындағы №15 гимназияда физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2008 - 2012 жылдары аралығында Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылындағы Т.Көмекбаев атындағы №185 орта мектеп директоры, 2012 - 2015 жылдары аралығында Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі №250 мектеп-лицей директоры қызметтерін атқарды. 2015 жылы 18 қарашасынан бастап Қазалы ауданының білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушысы болып тағайындалды. Отбасылы. Екі ұл тәрбиелеп отыр.
2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды
- Қали Бектұр Асанханұлы - 1971 жылы 3 қыркүйекте Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келген. 2003 жылы Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін физика және информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.2018 жылдың қаңтарынан бастап «Қазалы ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы болып қызмет атқарып келеді.